Воскресенье, 19.05.2024, 03:35
Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру ДИРЕКЦИЯСЫ
Главная Мой профильРегистрация ВыходВход
Вы вошли как Қонақ · Группа "ҚОНАҚТАР"Приветствую Вас, Қонақ · RSS
ЕСКЕРТКІШТЕР
КІРУ
КӨШІРІҢІЗ
ДИРЕКЦИЯ
СТАТИСТИКА
 6. АЙША БИБІ КЕСЕНЕСІ

АЙША БИБІ КЕСЕНЕСІ

XI - XII ғғ.


Тараз қ. батысқа қарай 20 шақырым жерде, ертеден гүлденген сауда жолының бойында, жазба деректерде 10 ғ-дан белгілі ортағасырлық Джувикат қаласының маңында орналасқан. Айша Бибі кесенесі жанындағы Бабаджа Хатун кесенесімен бірге мемориальдыкульттік кешенді құрайды. Кешеннің барлық жағы ашық, басқа құрылыстар жоқ, периметрі бойынша ағаштармен қоршалған. Кесененің салыну тарихына және Айша Бибінің жеке басына байланысты тарихи жазба мәліметтер әзірше табылған жоқ, бірақ та осы тақырыпқа байланысты аңыздар өте көп. Қабірге археологиялық қазба жүргізілген жоқ. 20 ғ. ортасына дейін кесене жартылай бүлінген жағдайда келіп жеткен. Оның тек солтүстік, оңтүстік және бұрыштық мұнаралары бар батыс Фасадтарының бөліктері сақталған. Үстін жапқан күмбезі 19 ғ. ортасында жүргізілген алғашқы ғылыми зерттеулерге дейін жоқ болған. Кесене соңғы қараханилер дәуірінің өте бір қызық және Қазақстан мен Орта Азияның сәулет-құрылыс мәдениетіндегі теңдесі жоқ сәулет өнерінің ескерткіші. Ол өзінің әртүрлі пішінді және өрнекті терракотты қаптамалармен тұтастай безендірілген фасадтарымен ерекшеленеді. 1979-85 жж. ескерткішке консервация-реставрациялау жұмыстары жүргізіліп, құрылысты атмосфералық әсер етулерден сақтау үшін әйнектелген құрылыммен жапқан.


19 ғ. ортасынан бастап кесене бірнеше рет тарихшылардың, өнертанушылардың, архитекторлардың тарапынан зерттеулерге ұшырады. Ескерткіш бойынша көптеген еңбектер бар. Алғашқы келбетін жоғалтқанға дейін кесене әртүрлі фасадты күмбез тектес құрылыс болған. Жобасында бір камералы, шаршы тәрізді, порталсыз оның жақтарының ұзындықтары 4,2 м, қабырғасының қалыңдығы 1,5 м. Ескерткіштің қиранды жағдайы құрылымдық ерекшелігі мен оның тұрғызылуын айқындауға көп септігін тигізді. Құрылыстың іргетасы бірнеше қатар тас кесектерінен жасалған. Қабырғалары кірпіштен қаланған. Кірпіштердің арасы саз балшыққа шыланған құрылыс заттарының сынықтарымен толтырылып, ағаш діңі тәрізді көлденең байланыстырулармен бекітілген. Ағаш байланыстырушылар төбесін жапқан күмбездің негізіне де қолданылған. Сфероконус тәрізді болып келген күмбезі сегізбұрышқа тірелген. Кесене фасадтарының дәл ортасында жебе тәріздес аркалармен көмкерілген терең қуыстар бар, олардың тереңдігі 1,2 м. Кірер жері – шығыс жақтағы қуыста, ал қалған қуыстарда жебе тәрізді терезелер орналасқан. Кесененің ең жақсы сақталған бөлігі қабырғалы батыс фасад, оның биіктігі 6,0 м. Фасад аркасының архивольты үшширекті бағаналардың құмыра тәрізді капителіне иек артқан. Ғимараттың төрт бұрышынан жуан, жұмыр бағаналар шығып тұр; олар ғимарат қабырғасының үштен екі бөлігінде бұдырлы белдеумен екі буынға бөлінеді; төменгі буынның діңі төмен қарай жалпая бітсе, ал жоғарғысы жоғары қарай ежелгі ортаазиялық ағаш бағаналары сияқты жасалған. Фасадтардың, қуыстардың, колонналардың барлық беттері 60-тан астам әртүрлі пішін мен өрнектен тұратын терракотты тақталармен қапталған. Декоративті өрнектің негізіне геометриялық және өсімдік тектес өрнектер сарыны пайдаланылған. 2002-2004 жж. ескерткіште реставрациялық жұмыстар жүргізілді: күмбезі қайта қаланды және кесененің сыртқы әшекейі толық қалпына келтірілді.

Әдеб.: Маргулан А., Басенов Т., Мендикулов М. Архитектура Казахстана. Алма-Ата, 1959. С. 99-102. Табл. 22-27; Труды Семиреченской археологической экспедиции 1936-1938 гг. Таласская долина. Алма-Ата, 1949. С. 75-81; Материалы обследования памятников архитектуры Жамбылской области. 1984-1989, 2000; паспорт памятника (архив НИПИ ПМК).
А.Н. Проскурин, Б.Т. Тұяқбаева

Copyright MyCorp © 2024
САЙТ ІШІНДЕ ІЗДЕУ
ДЕРЕКТІ ФИЛЬМДЕР
ӘРІПТЕСТЕР
ХАБАРЛАНДЫРУ