Воскресенье, 19.05.2024, 06:00
Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру ДИРЕКЦИЯСЫ
Главная Мой профильРегистрация ВыходВход
Вы вошли как Қонақ · Группа "ҚОНАҚТАР"Приветствую Вас, Қонақ · RSS
ЕСКЕРТКІШТЕР
КІРУ
КӨШІРІҢІЗ
ДИРЕКЦИЯ
СТАТИСТИКА
 4. Бабаджа Хатун кесенесі

Бабаджа Хатун кесенесі

X - XI ғғ.


Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Айша бибі аулында орналасқан, Айша Бибі кесенесімен бірге мемориалды-культтік кешеннің құрамына кіреді. Кесененің салыну тарихына және Бабаджа Хатунның өз басына байланысты құжаттық мәліметтер жоқтың қасы. Ескерткішке археологиялық қазба жүргізілген жоқ. Архитектуралық-құрылымдық сараптаманың нәтижесіне қарағанда құрылыс қараханидтер дәуірінің ерте кезеңіне жатады және 10-11 ғғ. мерзімделеді. Қазақстан архитектурасының ең көне ескерткіштерінің бірі болып саналатын бұл кесене тұрпатының қарапайымдылығымен және көп ғасырлық сақталуын қамтамасыз еткен құрылыс жұмысымен ерекшеленеді. Ол Орта Азия аймағының архитектурасындағы кесенелердің порталды композициясының алғашқы кезеңін, төбесін жабудың шатырлық идеясын көркем түрде сипаттайды. Ескерткіш XIX ғ. екінші жартысынан, әсіресе кеңес дәуірінде бірнеше рет тарихшылар, өнертанушылар, архитекторлар тарапынан (1897 ж. - В.А. Каллаур; 1938-39 жж. - ММТИ және ЭРУДА экспедициясы, А.Н. Бернштам; 1943 ж. -КСРО архит. акад.; 1953 ж. - Т.К. Басенов) зерттеулерге ұшыраған. Күмбез 1979 ж. қалпына келтірілді. Ескерткіштің қабырғалары, барабандары мен күмбезінің едәуір қирағанына байланысты 2000-2001 жылдары арасында бар тарихи кұжаттарға сүйене отырып «Казреставрация» мекемесі кесенені толық күрделі жөндеуден өткізіп, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Кесене күйдірілген кірпіштерден қаланып тұрғызылған. Оның күмбезінен басқа бөліктері жақсы сақталған. Күмбездің тек қырлы барабаны мен қырлы шатыр жабуының бөліктері аман қалған. Ескерткіш жобасында онша үлкен емес, ішкі жақтарының ұзындығы 4,5 м болып келген шаршы тұрпатты құрылыс. Ол кезінде көп қырлы жұлдызды барабанға тірелген ішкі жағы бүрмелі, сырты қырлы шатыр күмбезбен жабылған. Құрылыстың архитектуралық келбетінің көріктілігі қарапайым тәсілмен іске асырылған: куб тәрізді аумақ конус тәрізді жабындымен жабылған; П-тәрізді ойылымы бар оның фасадтарында 1 үлкен және үстіңгі жағында аспан элементтері бар 2 кіші қуыстар бар. Негізгі фасад әпиграфикалық фризі бар парапетті қабырғамен бөлектеген. Онда терракотты ойма «насх» әдісімен жазылған мәтіннің бөлігі сақталған: «Бұл жоғары жерлеу орны... Бабаджа Хатун...». Эпитафияның бір бөлігі құрылысты салу барысында   жоғалып   кетсе   керек. Әріптердің арасындағы бос жерлер, көбінесе үстіңгі жолдың, геометриялық және өсімдік тектес кілем өрнектерімен толтырылған. Бүйіріндегі фасадтарда - жарық түсетін тесіктер бар, артқысы - бітеу. Кіретін жер - шығыс жағында.

Copyright MyCorp © 2024
САЙТ ІШІНДЕ ІЗДЕУ
ДЕРЕКТІ ФИЛЬМДЕР
ӘРІПТЕСТЕР
ХАБАРЛАНДЫРУ