ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ТАРИХИ-МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕРІ
Қазақстан Республикасының оңтүстігіндегі әкімшілік-аумақтық бөлік. 1939 жылы 14 қарашада құрылған. Жерінің аумағы 144,3 мың шаршы шақырым, тұрғындарының саны 983,9 мың адам (1999 ж.). Батысында Оңтүстік Қазақстан, солтүстігінде Қарағанды, шығысында Алматы облыстарымен, оңтүстігінде Қырғыз Республикасымен шектеседі. Облыс аумағындағы 383 елді мекен 10 әкімшілік ауданға, 4 қалаға, 13 кенттік және 82 ауылдық әкімшілік округтерге біріктірілген (1999 ж.) Орталығы – Тараз қаласы.
Жамбыл облысының көп бөлігі жазықты болып келген. Шу өзенінің аңғарынан солтүстікке қарай Сарыарқаға дейінгі кең өңірді сазды, ұсақ шоқылы Бетпақдала шөлі (ең биік жері Байқара жотасы, биіктігі 665м), Шу-Талас өзені аралығын төбешікті-қырқалы құмды Мойынқұм шөлі алып жатыр. Облыстың оңтүстік-батысында Қаратау жотасы (1600 м), оңтүстігінде Қырғыз Алатауы (1400 м), оңтүстік-шығысында Желтау, Айтау таулары Іле Алатауына ұласып кетеді. Ең үлкен өзені-Шу, ол облыстың шығыс бөлігінен батысқа қарай ағып өтеді. Талас өзенінің суы тау бөктеріндегі жазыққа шыққан тұсында егін суаруға пайдаланылады. Үшінші ірі өзені-Асы суы мол жылдары Таласқа қосылады. Көптеген орта және кішігірім өзендер (Шабақты, Бүркітті, Ырғайты, Құрағаты, т.б.) Қырғыз Алатауы мен Шу-Іле тауларының және Қаратаудың беткейлерінен басталады. Өзендер мұздық (Шу, Талас), қар және ыза суымен толығады. Көлдердің көбі жазда құрғап, сорға айналады. Ірілері-Ақжар, Ащыкөл, Ақкөл, Билікөл, Үлкен Қамқалы, т.б. Шу өзенінде Тасөткел бөгені, Асы бойында Терісащыбұлақ бөгені салынған. Жамбыл облысы Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі ежелден-ақ шартарапқа кетіп жатқан керуен жолдарының тоғысқан жері болған. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Ежелгі Тараздың «саудагерлер қаласы» болып аталуы бекер болмаса керек. Тарихымыздың темір қазығына айналған Ежелгі Тараз қаласы ортағасырлар кезеңінен-ақ ірі сауда мен мәдени орталығына айналған. Бұл өңір тарихымыздың әр түрлі кезеңдерінен сақталған тарихи-мәдени ескеркіштерге бай өлке. Ескерткіштер өңірдің шығысы мен оңтүстік-шығысында Желтау, Айтау тау жоталарынан бастап оңтүстік-батысында Қаратауға дейін, солтүстігінде Сарыарқадан оңтүстікке қарай Талас алатауына дейінгі аралықта кездеседі. Жамбыл облысында 2006 жылға дейін мемлекеттік есепке алынған 1072 ескерткіш болса, оның ішінде 840 археологиялық, 111 тарихи, 107 сәулет және қала құрылыстары, 5 монументальді өнер ескерткіштері бар. 2006-2007 жылдары аралығында Тұран археологиялық экспедициясы (М.Елеуов) Жуалы, Жамбыл, Талас және Сарысу аудандарында жүргізген барлау жұмыстарының нәтижесінде бұрын ғылымға белгісіз болып келген 240 ескерткішті ашып, ғылыми айналымға енгізді. Соның нәтижесінде Жамбыл облысынан ашылып, есепке алынған археологиялық ескерткіштердің саны 1080-ге жетті. Есепке алынған ескерткіштердің қатарында тас ғасырының тұрақтары, қола, ерте темір ғасыры мен ортағасырлық обалар, оба қорымдары, ежелгі және ортағасырлық елді мекендер, қалалар мен бекіністер, төрткүлдер мен қарауыл мұнаралары, жар тастарға салынған суреттер бар. Тас ғасырының тұрақтары Қаратаудың тау алды жазықтарында және далалық жазықтарда кездеседі. Тастан, тас аралас топырақтардан үйілген әр түрлі тарихи кезеңдердің обалары тау шатқалдарында, тау үстінде, тау алды жазықтарында және өзендер мен көлдердің жағаларында орналасқан. Қола, ерте темір және ортағасырлық жартастарға салынған сурет орындарын Желтау, Айтау, Хантаулары мен Қаратау және Талас Алатауының солтүстік беткейіндегі шатқалдардан және тау алды жазықтарындағы қой тастардан кездестіруге болады. Ортағасырлық елді мекендер мен қалалар Талас Алатауының солтүстік беткейімен жүрген Ұлы Жібек жолының бойында және Шу мен Талас өзендерінің аңғарларында орналасқан.