Устаев Б.Р.
Жамбыл облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының
«Тарихи мәдени ескерткіштерді қорау және қалпына келтіру дирекциясы»
мемлекеттік мекемесінің маманы
Жамбыл облысы көлемінде орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштердің
мемлекеттік қорғауға алынатын белгі, қорғау тақталарын орнату жұмыстары.
Қоғамдық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқанда ұлттық құндылық жайлы өрелі
әңгіме өрбіп жүр. Осы үрдісті қолдауда "Мәдени мұра” бағдарламасы серпіліс
туғызуда. Бұл шара ұлттық мазмұны жоғары асыл мұраларымызды болашақ ұрпақ
еншісіне жеткізу үшін түрлі істерге мұрындық болуда.
2008 жылы маусым айында Елбасының
қатысуымен "Мәдени мұра” бағдарламасын жүзеге асырудың барысы жөнінде қоғамдық
Кеңестің кеңейтілген отырысы болып өткені белгілі. Қазақстан Республикасының Президенті
Н.Ә.Назарбаев «Мәдени мұра» бағдарламасы рухани-мәдени өмірімізде ғана емес,
жалпы қоғамдық өміріміздегі белесті кезең ретінде бүгінгі күні ел арасында зор
серпіліс туғызуда,- деп бастап, бағдарламаның бірінші кезеңі – негізінен тарихи
мұраларды іздестіру, анықтау, жинастыру ретінде өткендігі туралы айтса, екінші
кезең - осы жинаған құндылықтарымызды сұрыптау, зерделеу, оларды тарихи мұраға
айналдыру қажеттігі туралы айта келе, атқарылуға тиісті істердің алты бағытын
атап көрсетіп, олардың маңызына жеке - жеке тоқталды және нақты міндеттер
жүктеді.
Сондай-ак, «Мәдени мұра» бүгінде
халқымыздың жадынан, тарихынан бөлінбейтін ұғымға, руханиятымыздың байтақ
қазынасына, ұлтымыздың ұйтқысына айналды. Төрткүл дүниеден шашылған мұраларымыз
жиналды. Тарих қойнауына көмілген асылдарымыз ашылып, байтақ тарихымыз
түгенделе бастады. Жадымыз жаңғырып, ұлттық, отаншылдық сезім орнықты.
Қазақстан Республикасының 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» Мемлекеттік
бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында облыс Әкімінің 26.02.2004 жылғы №40
қаулысы негізінде Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени
ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» мемлекеттік мекемесі
ашылды. «Дирекцияның» негізгі міндеті «Тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану
туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, мәдени мұраны сақтау, тиімді пайдалану және дамуын қамтамасыз ету
мақсатында облыс аумағындағы тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштеріне жаңғырту
және бұзылудан сақтау жұмыстарын жүргізу.
«Мәдени мұра» стратегиялық
ұлттық бағдарламасын негізге ала отырып, облыс көлемінде орналасқан тарих және мәденит
ескерткіштерінің төлқұжаттарын
толыққанды қайта сұрыптаудан өткізу бойынша қорғау, сақтау және
пайдалану жұмыстары межеленген уақытында атқарылып келеді. Бүгінде мәдени
құндылықтарымызды қорғау, сақтау, және тиімді пайдалану еліміздегі өзекті
мәселердің бірі болып табылады.
Біз өз өлкеміздегі
тарихи-мәдени жәдігерлерімізді жоғалып
кетпеуден жан-жақты қорғауымыз қажет. Біздің жұмысымыздың басты бағыттарының
бірі - облыс аумағындадағы тарихи-мәдени жәдігерлерді сақтау, қорғау жан-жақты
насихаттау және тиімді пайдалануын қамтамасыз ету.
Жуырда, Қазақстан Республикасының
Білім және Ғылым министрлігі Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының Ғылыми
Кеңесінің ұсынысымен және Жамбыл облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының
«Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы»
мемлекеттік мекемесінің тапсырысы бойынша «Жамбыл облысы тарих және мәдениет
ескерткіштерінің Жинағы» Талас, Қордай, Байзақ, Жамбыл аудандарының әр қайсысы
200 данадан жеке-жеке ғылыми-энциклопедиялық сипаттағы, тарихи-мәдени
ескерткіштер Жинағы Алматы қаласының «Комплекс баспаханасында» 2010 жылы басылып
шығарылды.
Тарих және мәдениет
ескерткіштерінің Жинағы дегеніміз – бұл белгілі бір территорияда орналасқан
тарих және мәдениет ескерткіштері туралы белгілі мәліметтердің жинағы, сонымен
қатар, бұл әрдайым өзгертіліп және толықтырылып отыратын есепке алу және
мониторинг жүйесі.
Осы Жинқтың зерделенуіне орай
2010 жылы Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени
ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» мемлекеттік мекемесінің
іс-шаралар жоспарына сәйкес маусым, тамыз-қазан айларында Талас, Қордай аудандары
көлеміндегі тарихи-мәдени объектілерінің жай-күйі анықталып мемлекеттік
қорғауға алынатын белгі, қорғау тақтайшаларын орнату жұмыстары жүргізілді.
Талас ауданында, біріншіші бағытта
Ақкөл, Бостандық, С. Шәкіров, Ойық, Кеңес, Үшарал ауылдық округтері болса, екінші
бағытта Берікқара, Қаратау, Тамды, Қызыләуіт ауылдық округтері бойынша барлығы
50 ескерткішке қорғау тақтасы орнатылып, зерделенді.
Бірінші бағыт бойынша іссапар
барысында, Ақкөл, Бостандық, С. Шәкіров, Ойық, Кеңес, Үшарал ауылдық округтері
әкімшіліктерімен және «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру
дирекциясы» қызметкерлерінің қатысуымен Төрткүл 1, Төрткүл 2 бекініс
қалдықтарының орындары, Ноғай ишан, Ілебай датқа кесенелеріне, Жаңақорған
бекінісіне, Адасқантөбе, Ақтөбе, Атбайлар, Күлтөбе, Тектұрмас қалашықтарына, Жетітөбе
қорғанды қорымына сондай-ақ, 2006-2007 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы
бойынша РМК Қазқайтажаңғырту институтының Тараз филиалы қалпына келтірген Ақ
кесене бекінісіне қорғау тақтайшалары орнатылды.
Екінші бағыт бойынша іссапар
барысында, Берікқара, Қаратау, Тамды, Қызыләуіт ауылдық округтері әкімшіліктерімен
және «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» қызметкерлерінің
қатысуымен Майтөбе обалар қорымына, Қожағаппар обалар тобына, Үлкен шабақты
обалар тобына, Көктал 1, Көктал 2 обалар қорымына, Жолбарыс қамал 1 обалар тобына, Найза Қызыл обалар қорымына,
Ақмола, Төрткүл бекіністеріне, Ақтөбе мекеніне, Қызыләуіт
ауылынан 3,2 км
оңтүстік-батыста, «Бескепе» деп аталатын
жердегі биік емес төбедегі үлкен тас бетіне салынған ерте
ортағасырлық «Бескепе» таңбаларына, сонымен қатар, Алматы қаласы, Әл Фараби
атындағы ҚазМУ-дың археологиялық экпедиция тобы профессор М.Елеуовтың
басшылығымен «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында, археологиялық қазба жұмыстарын
жүргізген, Талас ауданы, Қаратау қаласының батыс шетінде
орналасқан «Тамды» қалашығына қорғау тақтайшалары орнатылды.
Осы ескерткіштердің көпшілігі
«Археологиялық сараптама» ЖШС
ескерткіштер Жинағының экспедициясымен анықталып, зерттелген.
Сонымен бірге, 2010 жылдың тамыз-қазан
айларында Қордай ауданында тарихи-мәдени объектіге мемлекеттік қорғауға
алынатын белгі, қорғау тақтайшаларын орнату жұмыстары жүргізіліп, фотосуреттері
түсірілді.
Қордай ауданы бойынша үш бағытта,
Сарыбұлақ, Қақпатас, Бетқайнар, Жамбыл,
Қасық, Қордай, Алға, Кенен, Аухатты, Сортөбе, Масаншы, Қаракемер, Сарыбұлақ,
Қақпатас, Бетқайнар, Жамбыл, Қасық, Қордай, Алға, Кенен, Ауқатты, Сортөбе, Масаншы,
Қаракемер ауылдық окруктері әкімшіліктерінің және «Тарихи-мәдени ескерткіштерді
қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» қызметкерлерінің қатысуымен, Қақпатас,
Қысмышы, Георгиевск қалажұрттарына, Бетқайнар қорымы, Ыстөбе обасына сонымен
бірге, Қаракемер ауылының оңтүстік-шығысында 14 км жерде, Қаракемер‑Қарасай батыр тасжолының
сол жақ бетінде, жолдан 30м жерде орналасқан «Ерте темір дәуірі
ескерткіші обалар» қорымына және тағыда басқа елу тарихи-мәдени объектілерге
қорғау тақтайшалары орнатылды.
Соңғы
Қаракемер ауылдық округі аумағында орналасқан «Ерте темір дәуірі ескерткіші
обалар» қорымының бірінші оба үстіне қазақ ханы Кенесары Қасымұлына ескерткіш
қойылған. Екінші обаның оңтүстігінде, оба іргесінде, «Қасымұлы Найрызбай
Абылайхан (Әбілмансұр) немересі 1822-1847» деген сөздер жазылып, қасына өлең
шумағы келтірілген ескерткіш тас қойылған.
Қорғау
тақталарын орнату барысында жалпы ескерткіштердің хал-ахуалы орташа деген
бағаға лайықты. Сонымен қатар бұзылып жойылу қаупі бар ескерткіштерде анықталып
отыр. Ескерткіш
үстіне бірнеше жылдар бұрын тұрғын үйлер тұрғызылып кеткендігі, жергілікті
тұрғындардың топырақты құрылыс материалдары ретінде пайдаланып жатқандығы, ауыр
техникалы тракторлармен үстінен жер жыртып, ескерткіш үстіне қазіргі жаңа
зираттарды, мазарларды салулары сондай-ақ, табиғи бұзылулардың нәтижесінде
жаппай жойылу қаупі алдында тұрғандығы алаңдатарлық.
Мәселен, Қордай ауданы бойынша Қордай ауылы аумағындағы «Георгиевск»
қалашығының қорғау аймағы бұзылып, жергілікті тұрғындар жан-жағынан топырағын
қазып алып, лай кірпіштер жасап құрылыс материалына айналдыруда. Ескерткіш
аумағы күл-қоқыс төгетін орынға айналып кеткен. Сорақысы, Аухатты ауылынан 600 метр жерде орналасқан
«Қамысшы» қалашығы аумағы ауылдық әкімшілік тарапынан күл-қоқыс төгетін орын
ретінде рұқсат берілген. Барлық қорғау тақталары орнатылған және қорғау аймағы
бүлінуге ұшырап жатқан ескерткіштер жан-жақты
фотосуретке түсіріліп, құжаттары түгелденді.
Бүгінгі күні Жамбыл облысы көлемінде 2255 ескерткіш есепке алынып отыр.
Оның ішінде, 28 ескерткіш республикалық (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 21.03.2008
жылғы №279 Қаулысымен «Республикалық маңызы бар Тарих және мәдениет
ескерткіштерінің тізімі» бекітілген), 713 ескерткіш жергілікті мыңызы бар («Жамбыл облысының
жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін
бекіту туралы» Жамбыл облысы әкімдігінің
14.04.2010 ж. № 90 Қаулысымен мемлекеттік тізімге алынды), сонымен қатар
(Қазақстан Республикасы Үкіметінің 02.11.2007 жылғы № 1032 «Тарих және мәдениет
ескерткіштерін анықтау, есепке алу, оларға мәртебе беру және одан айыру
ережесін бекіту туралы» Қаулысына сәйкес)
1514 тарихи-мәдени объекті жаңадан анықталып алдын-ала есепке тіркелді.
Оның ішінде Талас ауданында
орналасқан тарих және мәдениет ескерткіштері, 2010 жылғы санақ бойынша барлығы 241
(екі жүз қырық бір) ескерткішке жетіп отыр. Оның 5 (бесеуі) республикалық
дәрежедегі, 59 (елу тоғызы) жергілікті дәрежедегі мемлекеттік тізімге
енгізіліп, 177 (жүз жетпіс жетісі) алдын-ала мемлекеттік тізімге ұсынылу үшін
қорғауға алынып, жұмыстар жүргізілуде. Осы ескерткіштердің 50 (елуіне) қорғау
тақталары орнатылып, фотосуретке түсіріліп, құжаттары түгелденді. Қордай
ауданында орналасқан тарих және мәдениет ескерткіштері, 2010 жылғы санақ
бойынша барлығы 834 (сегіз жүз отыз төрт) ескерткішке жетіп отыр. Оның 111 (жүз
он бірі) жергілікті дәрежедегі мемлекеттік тізімге енгізіліп, 723 (жеті жүз
жиырма үші) алдын-ала мемлекеттік тізімге ұсынылу үшін қорғауға алынып,
жұмыстар жүргізілуде. Осы ескерткіштердің 50 (елуіне) қорғау тақталары
орнатылып, фотосуретке түсіріліп, құжаттары түгелденді.
Ескерткіштерді табу үшін «Garmin
12 Channes» моделіндегі «GPS» қабылдағыштарының көмегімен жинақта белгіленген
географиялық координаталары пайдаланылды.
|