Ортағасырлық
Бектөбе қалашығының шығыс рабад бөлігінде орналасқан мазарлар тізбегінде 2011 жылдың далалық
маусымында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары, негізінен 2010 жылғы
зерттеу жұмыстарының жалғасы болып табылады.

Қазба жұмыстары
Қазба жұмыстары негізінен екі
нысанда, 2010 жылғы №4б нысанының екінші құрылыс қабатын анықтау сонымен қатар,
мазарлар тізбегінің батысында қаланың шахристан бөлігінің дуалына тақау
аяқталар тұсынан салынған №7 нысанда жүргізілді.

Қазба барысында екінші құрылыс
қабатының Бектөбе қалашығының шығыс рабад бөлігінің орны екендігі анықталды.
Бөлме іргетастарының қазба жиегімен барлық тараптарға қарай өз жалғасын табуы,
бұл құрылыстың бірнеше бөлмемен шектелмейтінін көрсетті. Құрылысты аршу
барысында табылған асханалық қыш-құмыра ыдыстары мен бөлменің ішкі құрылысынан
табылып отырған жер ошақ, суфа секілді құрылыс орындары, бұл құрылыстың рабад бөлігіндегі үй орындары
екендігін көрсетеді. Бектөбе қалашығындағы 2011 жылғы далалық маусымда
жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде, қаланың соңғы өмір сүру
кезеңі болып табылатын XI-XIIғғ. аралығының архитектурасы мен қолөнеріне
қатысты біршама тың мағлұматтар жинақталда. Осы негізде қалашықтың шығыс
бөлігінде орналасқан мазарлар тізбегінің (2010ж. қазба жұмыстары нәтижесі)
II-ққ. рабад бөлігінде орналасқан үй құрылыстарының орыны екендігі анықталды. Қазба
барысында мұнда I ққ. және II ққ. табылған қабір құрылыстарының осы
нысанның II ққ. табылып отырған үй
құрылыстарына қатыссыздылығы анықталып отыр. Мазарлардың кейбірінің бұл аумақта
пайда болу уақытын Ортағасырлық Бектөбе қалашығының өз өмір сүру кезеңін
тоқтатқаннан кейінгі кезеңдермен де байланыстылығы анықталып отыр. Сонымен
қатар, қалашықтың үй құрылыстарының белгілі бір жобамен салынғандығы және
ортағасырлық қаланың даму үрдісіне қарай олардың өз пішіні мен жобасын өзгертіп
отырғандығын айтуымызға болады. Құрылыс материалы ретінде негізінен тас
пайдаланылғандықтан, қаланың жоғарғы құрылыс қабаттарының бүгінгі күнге дейін
өз пішінінің сақталынып қалуының бірден-бір себебі болып отыр. Қазба жұмыстары
соңында жоғарыда аталған нысандарда консервациялық жұмыстары жүргізілді. Далалық
жұмыстары нәтижесінде бірқатар қыш құмыра заттары табылды. Табылған қыш құмыра
заттары шыңылтырсыз, сырсыз және сырлы шыңылтырланған заттардан тұрады. Өзіндік
ерекшеліктеріне қарай олар асханалық және тұрмыстық бұйымдар тобына
жіктеледі.

консервациялық жұмыстар
Ортағасырлық Бектөбе
қалашығын ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру мақсатындағы 2011 жылдың
далалық маусымында бірқатар ғылыми-зерттеу жұмыстары жасалынды. Далалық
жұмыстарды атқару барысында (№7) келісім шартта көрсетілген техникалық
талаптардың орындауда «Түркістан археологиялық қызметі» ЖШС мен «Тараз» археологиялық ғылыми орталығы» ЖШС арасында өзара келісім шарты жасалынды. Келісім шарт бойынша негізгі
мердігер «Түркістан археологиялық қызметі» ЖШС тарапынан бірқатар техникалық жұмыстар, қосалқы мердігер «Тараз» археологиялық ғылыми орталығы» ЖШС-не тапсырылды. Ол бойынша «Тараз» археологиялық ғылыми орталығы» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі төмендегі жұмыстарды
атқаруға міндеттелді: Қалашықтың жалпы аумағын (10 га) тұрмыстық, құрылыс
қалдықтарынан тазарту. 2010 жылдың далалық
маусымында археологиялық жұмыстар жүргізілген нысандардағы қалдық топырақтарды
қалашық аумағынан тысқары шығару. Қалашықтың қорғау аймағынан
өтетін автомобильдік жолдарға ескерту
белгілерін орнату немесе альтернативті бағыттарын жасау. 
Қалашықтың солтүстік рабат
бөлігінен 2010 жылы табылған қыш-құбырлар жүйесін сақтау және айналасын көкалдандыру жұмыстарын
жүргізу. Қазба жұмыстары жүргізілетін
барлық нысандарға уақытша сақтау шатырларын (қазба көлеміне сай) тұрғызу. Кесене құрылысы мен №7 қазбаның үстін бір уақытша сақтау
шатыры астына біріктіріп жабу жұмысы ұйғарылды. Шатыр бағаналары аралықтары
қоршалып, ішкі жарықтандыру мәселесі қабырғаларға арнайы саңылаулар жасау
арқылы шешілді. Сонымен қатар, №7 нысан құрылысының кейбір бұзылған тұстарына
қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Ашық аспан асты мұражайының ішкі көру жолдарына үгітілген
майда тас төселініп, айналасына көкалдандыру жұмыстары жүргізілді.

Ортағасырлық
Бектөбе қалашығында 2011ж. далалық маусымында «Тараз» Ғылыми археологиялық орталығы ЖШС тарапынан жасалынған
жұмыстары, «Түркістан архелогиялық
қызметі» ЖШС-мен
жасалынған қосалқы мердігерлік келісім шартта көрсетілген барлық талаптар мен
шарттарды сақтай отырып, келісілген мезгілінде орындады.
|